Дәстүрлі облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы |
28.10.2020 13:32 |
28 қазан күні Оралдағы «Өрлеуде» қашықтықтан онлайн форматында «Жаңартылған білім беру процесінде SMART технологияларды қолдану» тақырыбында дәстүрлі облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Биылғы жылы сегізінші рет ұйымдастырылған шараға облыс, қала педагогтері, институт қызметкерлері қатысты. Конференцияның мақсаты: Смарт технологиялар арқылы білім беру мазмұнын жаңарту аясында оқытудың әртүрлі әдіс-тәсілдері мен құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру. Пленарлық мәжіліс модераторы директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Елдос Сафуллин шараны ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Алғысөз алған институт директоры Софья Измуханбетова институтта қашықтық жағдайында атқарылған жұмыстарға, онлайн курстардың ұйымдастырылуына тоқталды. Сөз соңында институтпен ынтымақтастықта белсенді жұмыс атқарған білім беру бөлімдерінің қызметкерлерін және «Өрлеу» білім каналына бейнесабақ дайындап, республика көлемінде тәжірибе таратқан педагогтерді марапаттады. Сондай-ақ пленарлық мәжілісте №44 МГ математика пәні мұғалімі Гүлназ Каюбалиева «Пәнді оқытуда смарт технология мүмкіндіктерін пайдалану жолдары» тақырыбында іс-тәжірибесін ортаға салды. Бұдан әрі конференция жұмысы секциялық топтарда жалғасты. ZOOM платформасының мүмкіндігін пайдаланып топтарға бөлінген қатысушылар 1-секцияда «Жаңартылған білім беру мазмұны аясында смарт технологияларын тиімді қолдану әдістемесі», 2-секцияда «Оқу процесіне цифрлық технологияларды ауқымды енгізуді жүзеге асыру, артық есептілік пен регламенттеуді азайту», 3-секцияда «Қашықтықтан оқыту жағдайында оқушыға психологиялық қолдау көрсету жолдары», 4-секцияда «Цифрлық білім беру ресурстарын дайындаудың ерекшеліктері» тақырыптарында топтастырылған баяндамаларды тыңдады. Баяндамашылар мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсiптік білім ұйымдарындағы сабақ үдерісінде смарт технологияларын, онлайн сервистер мен әртүрлі білім платформаларын тиімді қолдану тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар оқу-тәрбие жұмысын қашықтықтан басқару, инклюзивті білім беру, цифрлық білім ресурстарын дайындау ерекшеліктері де назардан тыс қалмады. Конференция қорытындысында секциялық жұмыстарды жүйелі ұйымдастырған модераторлар Рысқаным Бахтиярова, Айгүл Хайруллина, Динара Жұмағалиева, Бибігүл Габдрахманова сөз алып, ерекше көзге түсіп, көңілге қонымды болған жұмыстарды ұсынған қатысушыларды атап өтті. Шара соңында өткізілген сауалнамада қатысушылар конференция жұмысын 100 пайыз «үздік» деп бағалады. |
Comments